Бизнестің тексерілмеуі қайғылы оқиғаларды арттыра ма - Министрлік жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин бизнесті тексерудің төмендеуінен қайғылы оқиғалардың артуы мүмкін деген халықтың сынына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2010 жылдан бастап қадағалау саласына талдау жүргіздік. Егер де сол кезде 350 мың тексеру болса, қазіргі кезде 80 мың шамасында. Тексерулер санының азаюы қауіпсіздікке әсер етеді деген сынды жиі естіп жатырмыз. Дегенмен де қайғылы оқиғалардың саны жыл сайын бір деңгейде сақталып келеді, сонымен бірге 2014 жылы мораторий жарияланған болатын. Бізде жазатайым оқиғалар 6-6,5 мың деңгейінде», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның пайымынша, негізгі жұмысты тексеру санына емес, қайғылы оқиғалардың профилактикасына және оларды төмендетуге бағыттау керек.

«Біздің бизнеске деген сеніміміздің артуы қоғамдағы психологиялық климатты айтарлықтай өзгертеді. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа қарым-қатынас және ол сенімге негізделген», - деді С. Жұманғарин.

Айта кетейік, 24 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына жария түрде қол қойды.

Заң арқылы қазіргі 114 бақылау саласынан 20 сала және 544 бақылау қызметінен 108-і алынып тасталады. Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 47 бабы бойынша баптар және өкілетті органдардың әкімшілік іс қозғауға құзыреті болмайды.

«Бұл Заң көбінесе кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттеудің шарттарын жақсартуға және кәсіпкерлердің бүгінде едәуір осал жері болып отырған құқықтық қатынастардағы құқығын қорғауды қамтамасыз етуге, оларға әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», - деді С.Жұманғарин