«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 34,7 мың жұмыс орны құрылды

None
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Елімізде жүзеге асып жатқан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 136 мың кәсіпкер қолдау алып, 34,7 мың жұмыс орны құрылды.

Бұл туралы бүгін Өңірлік даму министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева мәлім етті.

Комитет төрайымының айтуынша, 2010 жылдан бері «Бизнестің жол картасы» аясында әрбір бесінші жұмыс орны құрылды және оның құрылуына қолдау жасалды. «Ал 2014 жылдың соңына дейін тағы да қосымша 8 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, бағдарламаны жүзеге асыруда бюджеттік тиімділік те баршылық. Атап айтқанда, салық ретіндегі түсімдер 58 миллиард теңге сомасында төленген. 2014 жылдың соңына дейін бұл бағыттағы салықтық түсімдер 117 миллиард теңге шамасында болжанады», - дейді Ғалия Жолдыбаева.