«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына кәсіпкерлердің құлшынысы зор» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 30-ы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Үкіметте Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия мен Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бірыңғай үйлестіру кеңесінің бірлескен мәжілісі болып өтті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына кәсіпкерлердің құлшынысы зор» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Онда қаралған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағытында жүзеге асырылатын 16 жобаны кәсіпкерлерге тапсыру мәселесі жөнінде Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, аталған жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлік құрылымдар ерекше қызығушылық танытуда. Мұны осы жобаларды жүзеге асыру ісіне қатыссақ деген ниетпен екінші деңгейдегі банктерге 517 тапсырыс жасалғандығынан аңғаруға болады. Соның ішінде жаңа нысандар мен бұрынғы кәсіпорындарды жаңғырту үшін берілетін несиелердің ставкаларын жеңілдетуге бағытталған бірінші бағыт бойынша 16,7 млрд. теңгенің субсидиясына 91 тапсырыс түссе, бизнес секторды сауықтыру жөніндегі екінші бағыт бойынша 174,7 млрд. теңгенің тапсырыстары түскен. Ал экспортқа бағытталатын өнімдер шығаруды қолдауға негізделген үшінші бағыт бойынша беріліп отырған 34,2 млрд. теңгенің 18 тапсырысы жасалынып отыр.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Анарбек Орман 2002-2010 жылдарға арнап бекітілген «Ауыз су» салалық бағдарламасының орындалуы туралы баспасөз мәслихатын өткізген. Ол жиын барысында 5550 елді мекеннің таза ауыз суға қолжетімділігін жақсартуды көздейтін бұл бағдарламаның жер-жерлерде сапасыз, олқы орындалғандығы жайына баса айтқан. Сондай-ақ басылымның атап өтуінше, ағымдағы жылы ауыз сумен қамтамасыз ететін 308 нысан құрылысы мен жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 28,6 млрд. теңге қарастырылып отыр екен.

Осы дүйсенбіде Үкімет үйінде еліміздің Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы таныстырылған болатын. Бұл құжат «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде толық жарияланып отыр. Сондай-ақ осы басылымда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі де басылды.

***

Еліміздің Ішкі істер вице-президенті Алик Шпекбаевтың деректеріне қарағанда, жыл басынан бері 6302 заңсыз мигрант елімізден шығарылып, 58097 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Бұндай деректер «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Құжатсыз келімсектерді қуатын заң жоқ» деген мақалада айтылған. «Осы ретте вице-министрдің өзі елімізде орын алып жатқан қылмыстардың белгілі бір бөлігі заңсыз мигранттардың қолымен жасалатынын айтып отыр. Сондықтан да еліміздің әр аймағында «Мигрант», «Шекара», «Нелегал» атты арнаулы шаралар ұйымдастырылып, шетелдіктердің елге келуі, елімізде болуы және кетуі біршама қадағалауға алынуда», деп жазады басылым.

«Батыс Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы Әмірхан Мауқұлов өткен жексенбіде, яғни шілденің 25-і күні Шалқар көлін еркін әдіспен жүзіп өтті», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Ол ең алшақ жағалауы 10 шақырымнан асып жығылатын көлді 9 сағат 3 минуттың ішінде жүзіп өткен. Жүзуді 19 жасынан үйренген Ә.Мауқұловтың бұл алғашқы ерлігі емес. Якутиядағы алтын өндіретін кәсіпорында қызмет етіп жүргенде Яна өзені бойымен тоқтамастан 8 шақырым жүзген ол Көкшетау өңіріндегі бірі 4, екіншісі 6 шақырым болатын Кіші және Үлкен Шабашы өзендерін де бағындырған екен. Батыстық бас кеденшінің еңдігі арманы - Семей өңіріндегі әйгілі Алакөлді жүзіп өту.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновпен арадағы сұхбат «Еліміздің көлік кешені заманға сай жаңғыртылып келеді» деген тақырыппен басылған. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген министр «жалпы, транзиттік әлеует дегеніміз мемлекеттің өз аумағы арқылы халықаралық транзитті жүзеге асыру жөнінен қызметтер ұсына алу мүмкіндігінің ішкі және сыртқы факторлары мен жағдайларының жиынтығын білдіреді. Бұл жағынан келгенде біздің мемлекетіміздің географиялық оңтайлы орналасуын атап өту ләзім. Ал мұндай орасан әлеуетті тиімді пайдалану мемлекеттің қолда бар мүмкіндіктері толық көелмде жүзеге асыра білу қабілетімен айқындалады», деген ойын да жеткізген. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның жұма күнгі нөмірінен оқи аласызар.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, ел Үкіметінің құрамы екі апталық демалысқа шығып, министрлер кабинетін вице-премьерлер мен министрдің орынбасарлары басқарады. Үкімет баспасөз бөлімінің қызметкерлер Кәрім Мәсімовтің уәзірлеріне тиесілі уақыт мерзімін әлі белгілеп үлгермегенін айтады. Сонымен елдің екі апталық өмірін орынбасарларына аманаттап, қысқа мерзімді демалысқа бара жатқан министрлер қайда барып демалады? Бұл сауалдың жауабын білгіңіз келсе басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Шенеуніктер қайда демалып жүр?» деген тақырыппен берілген мақалаға назар салыңыз.

Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров. Еліміздің Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы негізінде өрбігін сұхбат «Тіл арқылы тілдесе де, бірлесе де аламыз» деген тақырыппен жарияланған.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен бейнеконференциялық байланыс жағдайында Парламент депутаттарының қатысуымен ҚР Үкіметінің отырысы болып өтіп, оның барысында көкейкесті мәселелер, депутаттық сауалдар мен өтініштерді мемлекеттік органдар тарапынан қарау мәселесі талқыланды. Олардың арасында аймақтық жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясының (Жол картасы - 2020), «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы, ауылдардағы әлеуметтік нысандарды салу, жол құрылысы, ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесі, үлескерлердің проблемаларын шешу, шағын және орта бизнестің қарыздарын қайта құрылымдау сынды мәселелер де бар.Талқылаулар нәтижелері бойынша, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттік органдардың басшыларына, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің атына жолданып жатқан депутаттық сауалдар мен өтініштерде көтеріліп жатқан мәселелер бойынша шешімдерді орындауды ұйымдастыруға қатысты шаралар қолдану туралы тапсырма берді.