«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жаңа технологияға негізделген жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінбек

None
ОРАЛ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жаңа технологияға негізделген жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындарға қолдау көрсетілетін болады.

Бұл туралы Оралда ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бірлесіп ұйымдасытырған семинарда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің инвестициялық саясат департаментінің бас сарапшысы Бейғам Ахметовтің атап өткеніндей, экономиканы өрге бастайтын озық жобалардың қажеттігі дау туғызбайды. «Бизнестің жол картасы-2020» экономиканың шикізаттық емес саласында аймақтық кәсіпкерлікті тұрақты өсіруді, банктік қарыздардан тоқыраған кәсіпорындарға қаржылай сауықтыру шараларын өткізуді көздейді. «Бүгінде бір емес, бірнеше банктерден несие алып, оны өтей алмай жүрген кәсіпкерлер бар. Міне, олардың тұрып қалмай, ары қарай дамуына бұл бағдарламаның көмегі тиеді, - деді Бейғам Ахметов. - Осының аясында сарапшылық комиссия мақұлдаған жағдайда, мемлекет пайыздық мөлшерлемені қаржылай қолдап, төлемді кейінге шегеру, қарызды төлеу кестесін оңайлату шараларын алады».

Сыртқы нарыққа бағытталған өндіріс орындарын қолдау да - бағдарламаның басты бағыттарының бірі. Бұл жайында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарушы директоры Ерқанат Әбенов кеңінен әңгімеледі. Банкке қоюға кепілзат жетпей жататыны жиі кездеседі. Мұндайда «Даму» оның 50 пайызына кепілдік бере алады. Жаңа өндіріс орнын ашу жұмыстарына керекті қаржыны облыстағы барлық банктер бере алады.

Биыл бағдарламаның ілкі жылы, ал келесі жылы бизнес қауымының ұсыныс-тілектеріне орай өзгерістер енгізілмек.