Бизнестің орнықты дамуы мақсаттарына қосатын үлесі маңызды – Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан орнықты даму, озық қаржы құралдарын пайдалану, экологиялық және әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізу үшін тиісті қағидаларды дәріптеуге мүдделі. Бұл туралы Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.
«Орнықты дамудың жаһандық күнтәртібін жүзеге асыру - тек тиісті мемлекеттік саясатқа ғана байланысты емес. Бұл ретте, оны іске асыруға барлық тараптың, соның арасында бизнес ортаның қатысуы да аса маңызды. Сол себепті Парламенттік комиссияның бүгінгі отырысы бизнестің орнықты дамуы мақсаттарына қол жеткізуге қосатын үлесіне қатысты мәселелерге арналып отыр. Халықаралық тәжірибе бизнестің қызметіндегі экологиялық, әлеуметтік және басқару аспектілерін нақтылау үшін ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) қағидалары әзірленген. Олар орнықты даму мақсаттарымен үндесетінін атап өткен жөн. Жалпы, қазір әлемде ESG қағидаларын енгізу тұрақты бизнес қалыптастыруға, оны бәсекеге қабілеттігін арттыруға және ұзақ мерзімді құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді», - деді М. Әшімбаев.
Оның айтуынша, инвесторлар мен тұтынушылар көбіне осындай экологиялық жауапкершілікті сезінетін, қызметкерлері мен қоғамға қамқорлықпен қарайтын және корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарын ұстанатын компанияларға басымдық береді.
«Бұл мәселелер Қазақстан үшін де өзекті екені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел экономикасына инвестиция, әсіресе, «жасыл» қаржы тартуға баса мен беріп отыр. Мемлекет басшысы ESG қағидаларын сақтаудың маңызы зор екенін де атап өтті. Жалпы, орнықты даму үшін аталған стандарттардың өте маңызды екені сөзсіз. Сондықтан Қазақстан орнықты даму, озық қаржы құралдарын пайдалану, экологиялық және әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізу үшін тиісті қағидаларды дәріптеуге мүдделі. Дегенмен, бұл бағытта шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Осыған орай Парламенттік комиссияның бүгінгі отырысында бизнес ортаның экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігіне, сондай-ақ елімізде ESG қағидаларын енгізуге қатысты мәселелерді қарастырамыз», - деді Сенат төрағасы.