БҚО: Абайды қазақ елі түгел танып, үлгі ала білуі тиіс (ФОТО)

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына орай Абай атындағы орталық алаңда «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» атты мерекелік шара өткізілді.

Орал қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырған шарада алдымен ұлы ақынның еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевтің айтуынша, Абайдың 170 жылдығына арналған шаралар тек мұнымен шектелмейді. Сондай-ақ «Абайтану» танымдық сағаттары, конференциялар, семинарлар ұйымдастырылуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды, қазақ халқын әлемге танытамыз» деп атап өткеніндей, ұлы ақынның өлеңдері мәңгі өлмек емес, оның қара сөздері бүгінгі күнмен де үндесіп жатыр. Сондықтан алдымен қазақ халқы Абайды оқып, одан үлгі алып, тани білуі керек. Содан кейін оның шығармаларын өзгелерге насихаттай білуі қажет.

Әдебиетші-ғалым, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасов Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының келелі пікірлерін мысалға келтірді. М.Мырзахметұлы Абайтану тарихын (1889-2015) үш кезеңге бөліп қарастырады. Атап айтқанда, «Мұхтар Әуезовке дейінгі зерттелу тарихы (1889-1934)», «Абайтану тарихының Мұхтар Әуезов кезеңі (1934-1961)» және «Абайтанудың М.Әуезовтен кейінгі дәуірі (1961 жылдан бері қарай)». Атақты ғалым Абайтанудың кеңестік дәуірде тар шеңберден шыға алмай, оның шығысы мүлдем зерттелмей, атаусыз қалғанын атап көрсетеді. Ендігі мақсат - ақын мұрасын жаңа дүнетаным тұрғысынан кеңінен насихаттау. Яғни ойшыл ақынның жантану ілімі мен толық адам ілімінің құпиясын ашып-білуге ұмтылып, терең зерттеу керек. Жантану дегеніміз - жүректану. Абайдың туындыларында жүрек сөзі 69 рет түрлі мағынада кездеседі. Демек, кейінгі ұрпақ та ұлы ақын мұрасын жүрекпен түсініп, қабылдай білуі тиіс.

Шара барысында Абай өлеңдері оқылып, қара сөздерінен үзінділер келтірілді.