БҚО әкімі «Ашық әкімдік» шарасында тұрғындарды қабылдады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов облыстық қазақ драма театрының фойесінде «Ашық әкімдік» шарасы барысында тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Барлығы 17 тұрғын өңір басшысына ПИК-тердің жұмысы, жер кезегі және тұрғын үй мәселелерімен жолықты.

Облыстық ішкі саясат басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бұл жолы шара кезінде 41 мемлекеттік ұйым, құқық қорғау органдары, 11 коммуналдық мекеменің басшы-қызметкерлері 242 адамды қабылдап, кеңес берді. Соның ішінде 44-і облыстық жер қатынастары басқармасына, 23-і энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, 16-сы жергілікті полиция қызметіне, 15-і БҚО мемлекеттік кірістер департаментіне жүгінді. 40 адам тұрғын үй мәселелері бойынша келді.
 

Тұрғындар мұндай қабылдаудың сенбі күні өткізілуі өздері үшін қолайлы екендігін жеткізді.
 

Айта кетейік, БҚО әкімдігі «Ашық әкімдік» атты ашық есік күнін осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Бұдан бұрын 4 ақпан күнгі шараға 311 адам келіп, барлығы 34 облыстық мекеме-ұйымның, оған қоса Орал қаласы әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлерінен кеңес алған болатын.