БҚО әкімі Франция елшісін қабылдады
20:07, 02 Шілде 2013
ОРАЛ. 2 шілде. ҚазАқпарат - 2 шілде күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жан-Шарль Бертонэ мырзаны қабылдады.
Кездесуде екі жақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.
Елші мырза Батыс Қазақстан облысына келген жұмыс сапары барысында Орал, Ақсай қалаларында болып, өңірмен танысты. Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінде болып, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті.
Жан-Шарль Бертонэнің журналистерге берген сұхбатында атап өткеніндей, бұл - оның Ақ Жайық өңіріне алғаш келуі. Мақсаты - кәсіпкерлердің инновациялық жобаларды жүзеге асыруына қолұшын беріп, өзара тиімді байланысты өрістету.
БҚО-ның Франция елімен биылғы төрт айдағы тауар айналымы 346,6 млн. долларды құраса, соның 339,4 млн. доллары - экспорт (шикі мұнай мен газ конденсаты), 7,2 млн. доллары - импорт. 2012 жылғы тауар айналымы 1493,5 млн. АҚШ долларын құрады.