Кәсіпкерлердің бастамасымен мұндай кездесу алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Олар жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен өз жоба-жоспарлары жөнінде өңір басшысына тікелей айтуға мүмкіндік алды.
Кездесуде, мысалы, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, Еуропа мен Қазақстан арасындағы көлік қызметінің ықпалдастығы мәселесі қозғалды. Қазіргі таңда Теңіз, Қашаған, Қарашығанақтағы ірі қазақстандық жобаларды жүзеге асыру кезінде кен игеруші компаниялардың жергілікті кәсіпкерлерді қосалқы мердігерлікке тартатыны жасырын емес. Сондықтан олармен тікелей жұмыс жасайтын уақыт жетті. Осы орайда үш жылдан бері Еуропадағы жүк тасымалдаушылармен қосалқы мердігер ретінде жұмыс жасайтын «KREISS ASIA» ЖШС-ның директоры Нұрболат Жұмағалиев жер қойнауын пайдаланушылар жобаларын кеңейтуге бағыт ұстап отырған мезгілде сол ірі компаниялармен кездесу ұйымдастырып, жергілікті кәсіпкерлердің кеңейтілетін жобаларға қатысуын қамтамасыз етумен шұғылданатын жұмыс тобын құру қажеттігін жеткізді.
Сол секілді Орал қаласының географиялық орналасуын, Ақтау теңіз портының дамуын, Теңіз және Қарашығанақ жобаларының кеңеюін ескере отырып, өңірде көлік-логистикалық орталық құру өзекті бола түсуде. Өңір басшысының ойынша, бұл - кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер. Қазірдің өзінде жоспар бар, жер телімі бөлінген, инвестор орталық құрылысын салуға биыл кіріспек.
Әкімнің қабылдауына келген «Оралмедрегион» ЖШС басшысы Андрей Павлов пен «Олимп» клиникалық диагностикалық зертханалар желісінің директоры Ерлан Сүлейменов денсаулық сақтау саласындағы жергілікті үлесті көбейту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, осы орайда әкімшілік кедергілерді болдырмау жөніндегі ойларымен бөлісті.
«Жайық парағы» ЖШС директоры Асланбек Сүндетов Орал қаласында А-4 форматындағы қағаз өндірісін жолға қою үшін 40 млн. теңге керек екендігін баян етті. Ол мемлекет тарапынан демеуқаржы мен кепілдендіруге қол жеткізгісі келеді. Бұл жобаны «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асыруға болады, бірақ қағаз нарығында әуелден орны бар компаниялармен бәсекелестіктің оңайға түспейтіндігін ескеру де қажет.
«Мұндай кездесулерді біз аптасына бір рет өткізуді көздеп отырмыз. Бұл өзара пікір алысатын нақты іс алаңына айналуы керек. Оған кез келген кәсіпкер келіп, өз ұсынысын білдіре алады. Қазіргі таңда мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытудың маңызы зор. Сондықтан өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. Елбасымыз бинзестің бәсекеге қабілетті болуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Соны біз жергілікті жерде жүзеге асыра білуіміз керек», деді Алтай Көлгінов.
19:32, 05 Сәуір 2017
БҚО әкімі кәсіпкерлермен аптасына бір рет кездесіп тұрмақ
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлермен кездесулер тұрақты сипат алып, оларға қолдау көрсетіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірлік кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерді қабылдаған кезде мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.