БҚО әкімі қолынан іс келетін кәсіпкерлерге қолдау білдіруге әзір екендігін айтты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіле беретін болады.

Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өңірде кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша іскер азаматтармен  кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жиынның мақсаты кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатты ауылдан келген, қаладағы қарапайым азаматтарға түсінікті тілде жеткізе білу болды. 2016 жылы мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылған жұмыстар қорытындыланып, Елбасы Жолдауында ерекше мән берілген кәсіпкерлік саласын өңірде одан әрі дамыту сөз болды.

 

Бизнесті енді бастаған, істі қолға алуды ойлап жүрген азаматтар өңірлік кәсіпкерлер палатасынан, «Даму», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы жетекшілеріне сұрақтарын қойып, тиісті ақпараттарға қол жеткізді.

Ақжайық ауданынан келген Жанар Бердалиева 50 орындық жеке балабақша салғысы келеді. Алайда мемлекеттік сараптаманың 100 орындық деген талабы кедергі болғанын жеткізді. Облыс әкімінің араласуымен бұл кедергі жойылды. Сондай-ақ Орал қаласындағы өзінің гаражын тігін цехына айналдырған Зуһра Құрбанбаева қазір мектеп формасын тігеді. 100 адамға дейін жұмыспен қамтығысы келетінін айтқан ол қосымша қолдау сұрады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов: «Қолынан іс келетін сіздердей азаматтарды әрқашан қолдауға әзірміз», - деді.

 

Айта кетейік, биыл өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті өңірлік қаржыландыру бағдарламасы аясында 1,4 млрд. теңге бөлінді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Ербол Иденовтің сөзіне қарағанда, өткен жылы облыс әкімдігімен бірге бұл мақсатқа 500 млн. теңге қаралды. Қазіргі таңда 901 млн. теңгеге 25 жоба қаржыландырылды. Тағы төрт жоба екінші деңгейдегі банктерде қаралуда. Бұлардың ішінде 18-і немесе 62 пайызы ауылдық жерлерде жүзеге асырылуда. Әсіресе, Қазталов, Зеленов аудандары (4 жобадан), Орал қаласы (11 жоба) кәсіпкерлері белсене қатысуда. Бағдарлама аясында 39 жаңа жұмыс орны ашылды.