Оған «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Ғұмар Рахымжанов қатысты.
Облыс басшысы атап өткеніндей, 2011 жылы ірі қараның етін өндіру жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылданып, ол бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, сырттан мал әкелу, субсидиялау, генетикалық әлеуетті арттыру жағынан Батыс Қазақстан кенжелеп келеді. Облыс кезінде Еділбай қойы, Көшім жылқысы, қазақтың ақбас сиырымен атағы шыққан. Алайда бүгінгі жағдай басқа. Мал шаруашылығына Үкімет тарапынан қолдау бар, қомақты қаржы бөлінуде, бірақ, сол мүмкіндік пайдаланылмай отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Өтеғұловтің айтуынша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2001 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарына деген қолжетімділігін қамтамасыз етіп, бірнеше ірі жобаларды қолға алды. Күні бүгінге дейін облыста лизингке 889 техника алынып, компанияның жалпы инвестициясы 7 млрд. 531 млн. теңгеге жетті. Биыл 96 техникаға сұраныс беріліп, қаржы көлемі 352 млн. теңгені құрап отыр. Ірі инвестжобалар - «Батыс Күнбағыс» өсімдік майын өндіретін зауыт (2,4 млрд. теңге), «Ақас» агрофирмасы» ЖШС-ның тауарлы сүт өндіру фермасы (695 млн. теңге), «Ибрагим» ЖШС-ның ет-шұжық комбинаты (238 млн. теңге) т.б. «ҚазАгроҚаржы» АҚ болашақта «Жайыққұс» бройлер етін өндіретін зауыт, қозы етін өндіретін «Чапаев» ет комбинатына қаржы бөлуді ойластырып отыр.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облыс бойынша өкілдігі арқылы, соның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 2011 жылдан бастап мал шаруашылығы тұқымын жаңарту, орта және ірі шаруашылықтардағы мал басын арттыру мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Аталмыш бағдарлама басталғалы 253 шаруа қожалығы 2383 млн. теңгеге несие алып, 11264 аналық ірі қара, 450 асыл тұқымды бұқа сатып алынған.
«Биыл шетелден асыл тұқымды мал алуға өтініш берген «Болашақ», «Аманер», «Муса», «Боранбай» шаруа қожалықтарының біреуінің ғана инвестжобасы мақұлданған болатын. Алайда жеткізуші шаруашылықтармен қаржыландыру жұмыстары тоқтап тұр», - деді Арман Өтеғұлов. Сондай-ақ ол лизингке техникалардың ауыл шаруашылығы науқаны өтіп кеткесін ғана жеткізілетінін де жасырмады. Мәселен биылғы техникаға өтінімдер жуырда тапсырылып, келісімшарттар бас мекемеге жақында ғана жіберілген. Техникалар өңірге тамыз-қыркүйек айларында ғана жеткізілмек. Ол кезде оңтүстік аудандардан басқаларында мал азығын дайындау жұмыстары да аяқталады.
Болашақ жоспарлармен бөліскен аталмыш басқарма басшысы облыста 2015 жылы шетелдік асыл тұқымды малды сұрыптайтын 5300 ірі қараны қамтитын 5 жасақтау шаруашылық құрылатынын айтты.
Бүгінгі күні облысқа шетелдік 267 асыл тұқымды мал шаруашылықтардың өз есебінен әкелінген.
«ҚазАгроҚаржы" АҚ басқарма төрағасы Ғұмар Рахымжанов Батыс Қазақстан облысы 2000 жылдан бері бар-жоғы 7,5 млрд. теңгені игергенін, салыстырмалы түрде Солтүстік Қазақстан облысы осы мерзімде 47 млрд. теңгені еншілегенін тілге тиек етіп, БҚО-ның мүмкіндігі де, әлеуеті де жоғары екендігін атап өтті. «Біздің жұмысымыздың да әлі жетілдіре түсетін тұстары бар шығар. Былтырдан бастап көптеген өзгерістер енгізілді, несиелендіру жолдары жетілдірілуде. Техника алуға алғашқы төлем 25 пайыздан 15 пайызға дейін төмендетілді. Құс шаруашылығын дамытуға қаржы бөлуге әзірміз. Еуропа,Латын Америкасы, Ресеймен келіссөздер жүргізілуде», - деді Ғұмар Төлегенұлы.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ еліміздің ауыл шаруашылығында ірі тауарлы сүт фермаларының, ет бағытындағы құс фабрикаларының, жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру өндірістерінің, мал бордақылау алаңдарының, етті қайта өңдеу кешендерінің, асыл тұқымды шаруашылық (репродукторлардың), сойыс пункттерінің желілерін құруға байланысты қаржы бөлуге әзір. Сондай-ақ жемшөп өндірісіне, қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымын дамыту және оны терең қайта өңдеуге, астық қоймаларын салу мен модернизациялауға, тамшылатып суару технологиясын енгізуге, биязы қой жүнін өндіру мен қайта өңдеуді дамытуға байланысты жобаларды қаржыландырады. Күні бүгінге дейін жалпы құны 187 млрд. теңгеге 27,5 мыңнан астам әр түрлі ауыл шаруашылығы техникалары мен қайта өңдеу жабдықтарын сатып алуды қаржыландырса, 1088 дана ауыл шаруашылығы техникасы БҚО-ға тиесілі. Биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Асыл тұқымды шаруашылықтардың желісін құру» инвестициялық бағыты шеңберінде шетелден 14 мың бас ірі қара әкелуді жоспарлап отыр.
Отырыста сөз алған Жаңақала, Зеленов ауданының әкімдері Лавр Хайретдинов пен Марат Оңғарбеков аталмыш компания қаржысы арқылы атқарылған істерге қоса кездескен қиындықтарды да тілге тиек етті. Теректі ауданындағы «Айсұлу» ШҚ жетекшісі Мағауия Зайнуллин шетелден әкелген асыл тұқымды малмен сауатты жұмыс жасау керектігін, тұқымын дамыту қажеттігін баса айтты. «Шетелден мал әкелуге қарсы емеспін. Бірақ ол мал туралы терең талдау керек. Тиімсіз жақтарын да есептеу керек. Олардың бейімделуі жайлы зерттеу жасалмағандықтан, кейбір шаруашылықтар зардап та шегуде. Герефорд, ангус және қазақтың ақбас сиырын салыстыра келгенде өз өніміміз тиімді екені тәжірибе жүзінде дәлелденді. Сондықтан ақбас сиыр тұқымына да көңіл бөлу керек» деген Мағауия Зайнуллин облыста өндірілетін етті өткізетін орынды да мәселе қып көтерді.
Осы пікірді жалғаған облыстық мәслихат депутаты, ғалым Аманжол Зинуллин ғылыми тұрғыдан орынды ойларын жеткізді. «Герефорд тұқымы Қазақстанға 20-жылдардан бастап тасымалданды. 1936 жылы ол мәселенің іске аспайтыны белгілі болғандықтан, осы тұқым негізінде қазақтың ақбас сиыры шығарылды. Осы жолда жергілікті малмен герефордтың екінші ұрпағы жоғары нәтиже көрсетті. Түсі қызыл болу керек деген талаппен үшінші, төртінші ұрпағына тоқталып, жаңа будан ақбас сиырда қазақтың негізгі сиырының қаны 12,5 пайыз болды. Әлі күнге сол пайыз сақталып келеді. Герефорд тұқымын көбейтуге түрлі әрекеттер «бұл тұқым климатқа бейімделмейді» деген қорытындымен 1970 жылы тоқтатылды. Қазір елде мал басы азайып кетті, оның басын көбейтуге аналық бастың шамасы жетпеуде. Қайдан да болса ұрғашы мал керек. Сондықтан «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның бұл талпынысы дұрыс. Бірақ тұқым таңдауда мұны қателік деп айта аламын. Өйткені оның дүниежүзілік тәжірибесі бар. Алпауыт елдер герефорд, ангус сияқты тұқымдарын бізге қарай жіберіп, өздері заманға лайық жаңа тұқымдарын дамытуда. Австралияның 15 айлығында 500 келіге жететін жаңа тұқымы ертең әлем нарығын жаулайды. Мәселен, Қазақстанның батыс өңірі мен Арқада, Алматы облысында ауа райы әр түрлі. Біздің облыста бүгінде ылғалдылық деңгейі 17 пайызға дейін түседі. Әр облыстың табиғи климаттық жағдайына бейімделуіне зерттеу, талдау жүргізбей, шетелден асыл тұқымды мал сатып алуға қыруар қаржы жұмсау үлкен қателік болар еді. Әр облысқа сынақ стансалары қажет» деді А.Зинуллин.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев: «Облыстың дамуы басқаларымен қатар осы салаға тікелей қатысты. Бізден шығатын өнім Еуразиялық экономикалық одақ, Дүниежүзілік сауда ұйымының барлық талабына сай болуы керек. Мемлекеттің аталмыш салаға жасап отырған мүмкіндігін, қолдауын тиімді іске асырайық. Осы сала ардагерлерінің тәжірибесін де алып қалуымыз қажет. Саланы дамытуға барлық күшті жұмылдырайық», - деді.