ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, аталмыш білім ордасының даму бағыты, шәкірттерінің табысы мен озық тәжірибені тарату мәселелері қозғалған қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кеңес отырысынан кейін өңір басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Кейіпкерге 25 сұрақ» жобасы аясында жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Бұл жобаның мақсаты - зияткерлерді елге және өңірге танымал, ісімен үлгі-өнеге болатын жандармен кездестіру арқылы олардың тұлғалық-көшбасшылық қасиеттерін дамыту.
Еркін форматтағы кездесуде зияткерлер Алтай Сейдірұлына өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Кездесу барысында көшбасшылық қасиеттерді дамыту, сүйікті кітап және тұлға, шетелде білім алған жастардың елімізге қайта оралуы және мемлекет алдындағы жауапкершілік, сын және оның тұлғаны дамытуға әсері туралы әңгіме өрбіді.
Шара соңында 11-сынып оқушысы Диана Жұмабаева облыс әкіміне өзінің «Арман қала - Астана» деп аталатын төл туындысын сыйға тартты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).