БҚО әкімі олимпиада чемпиондарын қабылдады

None
ОРАЛ. 29 маусым. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 2000 жылғы Сидней олимпиадасының чемпиондары, республикалық олимпиадалық даярлық орталығының директоры, атақты боксшы Ермахан Ибрайымов пен  жеңіл атлетика майталманы, ұлттық қауіпсіздік комитеті «Ұшқын-Искра» спорт клубының жаттықтырушысы Ольга Шишигинаны қабылдады.

Емен-жарқын, ашық әңгіме жағдайында өткен жүздесу барысында Нұрлан Асқарұлы қонақтарға облыстағы спорт пен дене шынықтыру ісінің ахуалы, Лондон олимпиадасына даярлық барысы жөнінде баяндады. Танымал спортшылар өңірдегі қалыптасқан жағдайға оң баға беріп, ризалышығын білдірді. Ақжайықтан 6 спортшының Лондон олимпиадасына жолдама алуы - айтарлықтай нәтиже. Бұл  еліміздің Батыс аймағындағы ең жоғары көрсеткіш екен. Кездесуде облыс әкімі Ольга Шишигинаға гүл шоғын табыс етті.

-Нұрлан Асқарұлының құрмет көрсеткеніне мың да бір рақмет! - деді кездесуден кейін Ермахан Ибрайымов, - Біз мұнда облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағановтың арнайы шақыруымен Оралдан олимпиадаға аттанатын спортшыларға ақ батамызды беріп, шығарып салуға келдік. Мен Нұрлан Асқарұлын көптен білемін. Ол азаматтың әуелден спортқа жанашыр екенінен де хабардармын. Оған дәлелім - Ақ Жайық өңіріндегі спорттың бұқаралық сипат алып, соған арналған орындардың жыл сайын пайдалануға берілуі. Сөз соңында айтарым, сіздің ең болмағанда бір жерлесіңіздің бағы жүріп, Англиядан алтын медальмен оралуын тілеймін.

Журналистерге берген шағын сұхбатында Ольга Шишигина да әкіммен болған кездесуге ризалығын айтып, жерлестерімізге сәт сапар тіледі.