БҚО әкімі сенаторларды қабылдады

ОРАЛ. 2 маусым. ҚазАқпарат - 1 маусым күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев, Ғарифолла Есім және Сәрсенбай Еңсегеновтерді қабылдады.

Кездесуде өңір басшысы сенаторларды облыста қолға алынған және жүзеге асырылған жобалармен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен таныстырды. Әсіресе, индустриялық-инновациялық бағдарламаға, әлеуметтік жаңғырту, аймақты дамыту мәселелеріне айрықша мән берілді.

Кездесу соңында Сенат депутаты Ғарифолла Есім айтқанындай, өңірлерге мұндай жұмыс сапарлары өте маңызды. Ол алдымен жергілікті жердегі түйткілді тұстарды көзбен көріп, тамыршыдай тап басуға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің 80 пайыздан астамының газдандырылуын сенатор өте жақсы көрсеткіш деп бағалады. Сонымен қатар алдағы уақытта мұндағы сумен қамту, жол салу, экологияны жақсарту мәселелеріне заң шығарушы орган тарапынан қолдау болатындығын жеткізді.