Өңір басшысы Алтай Көлгінов мен қала әкімі Нариман Төреғалиев Алмазов көшесі және Еуразия даңғылы бойында ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгін шаһарда 600-ден астам жас өскіндер егілді. Ал 16 сәуір - Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 мың түп ағаш отырғызылмақшы.
А.Көлгінов сенбілік барысында «Жайық жарығы» және «Таза қала» ЖШС ұжымдарымен кездесіп, қос мекеме алдында тұрған міндеттерді атап көрсетті. Соңғы кезде қалада жарық шамдарының көбейіп, бағдаршамдардың қалтқысыз қызмет етуі «Жайық жарығы» ЖШС қызметкерлерінің нәтижелі еңбегін көрсетсе, енді көктем шығып, жер кепкеннен кейін тазалық жұмыстарына баса назар аударылуы тиіс. Сондай-ақ жол белгілерін салу, жол жолақтарын жаңғырту сияқты істер де кезек күтіп тұр. Облыс басшысы «Таза қала» ЖШС қызметкерлеріне тазалық жұмысына белсене қатысқандары үшін алғысын білдіріп, бірқатарына алғысхаттар табыс етті.
Айта кетейік, Оралда санитарлық тазалық айлығы аясында бірнеше сенбілік ұйымдастырылып, шаһарды қоқыстан арылту, ағаш отырғызу істері жалғасады.