БҚО әкімі тоқсан жастағы майдангерді қабылдады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов таяуда тоқсан жасқа толған соғыс және еңбек ардагері Меңжан Әбдірахмановты қабылдап, құрмет көрсетті.

Майдангермен емен-жарқын әңгімелескен өңір басшысы оның тоқсан жасының ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Ардагерге майдандағы ерлігі мен бейбіт кезеңдегі еңбегі үшін алғысын айтып, ұзақ өмір, мықты денсаулық тіледі.

«Еліміздің тәуелсіздік алып, бүкіл әлемге танылғанын көрудің өзі - біз үшін бақыт. Елбасымыздың бастауымен Қазақстанымыз дамып, өркендей берсін», деді майдангердің өзі де ризашылығын білдіріп.
 

Айта кетейік, Меңжан Ғабдолұлы 1926 жылы 26 қарашада Сырым ауданында дүниеге келген. 17 жасында соғысқа аттанған ол Карел майданында 52-інші гвардиялық миномет полкінің құрамында Прибалтиканы жаудан азат етуге қатысқан. Жеңісті Мәскеуде қарсы алған майдангер содан кейін бес жыл Қиыр Шығыста қызмет етіп, ауылына оралды. Кейін милиция мектебін бітіріп, ішкі істер органдарында қызмет етті. Ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқып, зоотехник, ауылдық кеңес төрағасы да болды. Екінші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған майдангер зайыбымен бірге он бала тәрбиеледі. Қазір ақсақалдың 20 немересі, 22 шөбересі бар.