БҚО әкімі Зеленов ауданындағы қариялардың жай-күйімен танысты
18:30, 24 Желтоқсан 2013
ОРАЛ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Зеленов ауданында болып, ірілендірілген өңірдің тыныс-тіршілігімен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты.
Өңір басшысы сонымен қатар Зеленов аудандық қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесіне арнайы ат басын бұрды.
Мекеме директоры Ғалымжан Меңдәлиевтің айтуынша, 22 орындық қарттар үйінде қамқорланушыларға барлық жағдай жасалған. Оларға түрлі қызмет көрсетіліп, мәдени-демалыс шаралары ұйымдастырылады.
Облыс басшысы емен-жарқын әңгіме барысында қарияларға жаңажылдық сыйлықтар, мекемеге тоңазытқыш тарту етті.
Жасы 98-ді иектеген Анастасия Берендяева өңір басшысына қарттарға арнайы көңіл бөліп, қамқорлық көрсеткені үшін ризашылығын жеткізді.