ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басшысы, халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәліні қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесуде облыс басшысы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында атқарылып жатқан шаралар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімелеп берді.
«Егемен Қазақстан» газетінің басшысы өз тарапынан республикалық басылымның алдағы уақытта да облыстағы аса маңызды оқиға-өзгерістерге, мерейтойлық шараларға қолдау жасайтынын жеткізді. Сонымен қатар ұлттың рухани саладағы мәселелері де қозғалды. Осы орайда Дархан Қыдырәлі Түркі академиясының президенті ретінде түркі халықтарының өзара қарым-қатынасын нығайту қажеттігіне назар аударды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Татарстан Республикасымен байланысы жақсы. Өңірде тұратын татар ағайындарға үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Оралда Ғабдолла Тоқай атындағы мүсін мен көшеге қоса музейі жұмыс жасайды. Биыл Оралда балалық және жастық шағы өткен татардың ұлы ақынының 130 жылдығы кең көлемде аталып өтілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).