ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы әкімінің тұрғындармен кездесуі онлайн түрде өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, аудандар мен Орал қаласы басшыларының есептері 3-16 ақпан аралығында жоспарланған. Облыс әкімінің қорытынды есеп беру кездесуі 20 ақпан күні өтеді.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс, қала және аудан әкімдерінің есептік кездесулері онлайн режімінде өткізіледі. Облыс пен қала әкімінің есептік кездесуі тікелей эфир форматында облыстық телеарна мен әкімдіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында ұйымдастырылады.
Тұрғындардың есеп беру кездесулеріне онлайн түрде қатысу тәртібі мен тікелей эфирге сілтемелер кейін хабарланады.
Халықтың ұсыныстарын, ескертулері мен пікірлерін жинауды қамтамасыз ету мақсатында әкімдік ғимараттарында арнайы жәшіктер орнатылды.
Еске сала кетсек, қазіргі кезде ауылдық округ әкімдері санитарлық талапты сақтай отырып, тұрғындармен тікелей кездесіп, есеп беріп жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).