Аймақ басшысы саяси науқанның ел өміріндегі маңызын атап өтті.
— Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы екенін айтты. Елдегі саяси реформалар нәтижесінде мәслихаттардың да құзыреті кеңейді. Халық қалаулылары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Мәслихат депутаттары — халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан, өңір тұрғындары дауыс беруге белсене қатысып, азаматтық ұстаным танытады деп сенемін, — деді Нариман Төреғалиев.
Батыс Қазақстан облысы бойынша 451 868 азамат дауыс беруге құқылы. Өңірде 673 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның 14-і — аумақтық, 171-і — округтік және 488-і — учаскелік сайлау комиссиясы. 5 партиялық тізім және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 521 кандидат тіркеуден өткен.
Барлық сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған. Бұл санаттағы сайлаушылар үшін аудиобюллетеньдер дайындалды.