ОРАЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат - Биыл Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының құрылғанына - 20 жыл. Мерейтойға орай облыстың бірқатар аудандарында өнер ордасының күндері өтуде.
Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ардақ Мұратқызының хабарлағанындай, қазақ театры Сырым, Қаратөбе, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына сапарға шықты. Өнер ұжымы әр ауданда екі күннен аялдайды.
Мерекелік сапар аясында «Қазақ өнерінің қара шаңырағы» атты көрме, баспасөз мәслихаты және үлкендермен қоса, балаларға арналған қойылымдар ұсынылады.
Ауылдық ағайын Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», С.Ахмадтың «Суперкелін», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» қойылымдарын және кішкентай көрермендер «Қызыл телпекті қыз», «Достар» ертегісін тамашалайтын болады.
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры 1993 жылдың 16 желтоқсан күні М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясымен өз шымылдығын ашқан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).