Аудан әкімі Мұрат Мұқаевтың Орталық коммуникациялық қызметі өңірлік филиалында бүгін мәлім еткеніндей, оның бірі мұнай өнімдерін қайта өңдеу зауыты құрылысы («ABS-мұнай» ЖШС) болса, екіншісі - «УралТэк-НефтеХим» ЖШС негізінде мұнай өнімдерін сақтау базасын қалпына келтіру, лак-бояу өнімдерін өндіру. Осы жобалар ойдағыдай іске асса, 200-ден астам жұмыс орны ашылып, мұнай өнімдерін шығару көлемі жылына 0,8 - 1 млн тоннаға жетеді делінуде.
Биылғы сегіз айдағы өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2629,7 млн теңгеге жетті. Бұл - облыс аудандары мен Орал қаласы бойынша төртінші орында деген сөз. Өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі мұнай өнімдерін өндіруді ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.
Өнеркәсіп өнімінің негізгі көлемі өңдеу саласына тиесілі. Өңдеуші өнеркәсіптің құрылымында мұнай өңдеу өндірісі шамамен 81,1 пайызды, азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері 14,9 пайызды құрайды. Өнеркәсіп саласындағы негізгі кәсіпорындар: «B.N GаsOіl Processing» ЖШС - ауыр дистиллянттық сұйық отын, газойлдық фракция, қайта айдау қалдықтарын, «Жайықгидрогеология» ЖШС - алкогольсіз сусындарды, «Теректі май комбинаты» ЖШС тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майын шығарумен айналысады.
Жыл басынан бері негізгі қаржыға 1423,7 млн теңге қосылды, бұл - облыс аудандары бойынша үшінші орын.
Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 752,7 млн тенгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 1,5 есеге өсті. 12 079 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2015 жылғыдан 151 пайызға артық.
Ауыл шаруашылығындағы инвестиция көлемі 149 пайызға артып отыр. Ауыл шаруашылығына қолайлы алқаптардың болуы ауданда малмен қатар өсімдік шаруашылығын да дамытуға мол мүмкіндік беріп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5574,5 млн теңге болды.
«Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында әлемдік геосаяси жағдайдың ушығуы жағдайында кең көлемді мәселелерді бірінші кезекте шешуіміз керек деген болатын. Сондықтан Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатына сәйкес ендігі жобалар экономикалық өсуге, ішкі қор мен өндірісті, көлік пен энергетиканы, индустрия мен әлеуметтік инфрақұрылымды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.
Біз ауданда Ақжайық, Юбилейный, Тоқпай, Жаңаөмір, Федоров ауылдарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобаларын бастап кеттік. Осы жобалар нәтижесінде жеке тұрғын үй құрылысын саламын деушілерге 1 329 жер телімі беріледі.
Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мақсатында көлік-логистика орталығын («НефтеСтройСервис LTD» ЖШС») салу жоспарымызда бар. Индустрия аймағын құру аясында Ақсуат ауылдық округі аумағынан 286 га жер телімін бөліп отырмыз. Күні бүгін ирандық инвесторлардан 100 га аумаққа жылыжай кешенін салу туралы ұсынас түсті», деді М.Мұқаев ҚазАқпарат тілшісіне.
Айта кетейік, Теректі ауданы 1933 жылы құрылған, орталығы - Федоров ауылы. 15 ауылдық округте 52 елді мекен болса, оларда 37922 адам тұрады.
Аудан бюджеті 6 348,3 млн теңге болса, соның ішінде өз кірісі - 950,6 млн теңге. Кірістің негізгі көзі (98,3 пайызы) - салықтық түсімдер. Аудан бюджетінің салықтық түсімдер бойынша жоспары 164,1 пайызға орындалып, 261,4 млн теңге болды. Ал жоғары тұрған бюджеттен қаралған мақсатты трансферттер мен несиелер көлемі - 2 523,6 млн теңге.