Аурухана директоры Ерлан Тоқсановтың мәлім еткеніндей, биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша қордаланған қарыз 2 млрд теңгеден асады.
Ерлан Виленұлының сөзіне қарағанда, мұның негізгі бөлігі 2026 жылы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алумен, қымбат медициналық жабдықтарды жөндеумен және техникалық қызмет көрсетумен, сондай-ақ алдыңғы кезеңдердегі медициналық мақсаттағы бұйымдарды жекелеген жеткізушілер алдындағы берешекпен байланысты. Кредиторлық берешек 2022 жылдан бастап қалыптасқан.
— Дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, коммуналдық қызметтер, жабдыққа техникалық қызмет көрсету және басқа да қажетті қызметтер құны жыл сайын өсіп отыр. Негізгі себеп те медициналық ұйымның ағымдағы шығыстарын жабу үшін қолданыстағы тарифтердің жеткіліксіздігіне байланысты. Атап айтқанда, емделген пациент үшін медициналық қызметтерге ақы төлеу кезінде қолданылатын клиникалық-шығынды топтардың құны 2019 жылдан бері қайта қаралған жоқ. Тарифтердің кезең-кезеңімен өзгеруі 2025 жылдың соңында басталды, — дейді Ерлан Тоқсанов.
Оның айтуынша, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға жұмсалатын шығындар көбейген. Сатып алу бағалары, сондай-ақ пациенттер санының өсуіне, аурулардың ауырлығына және қатар жүретін патологиялардың болуына байланысты препараттар мен шығын материалдарына қажеттілік артады.
Сонымен қатар қымбат медициналық техниканы жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындары жыл сайын өсіп отыр. Оған қоса электр энергиясының құны кВт/сағ үшін 33,69-дан 90,91 теңгеге дейін, сумен жабдықтау 789-дан 1 133 теңгеге дейін, су бұру 908-ден 1 236 теңгеге дейін ұлғайды. Суды жылыту құны әр шаршы метр үшін 23 085,1 теңгеден 52 466,93 теңгеге дейін жетті.
Аурухана мәліметіне сәйкес интернет шығындары 2022 жылы — 5,045 млн, ал өткен жылы 14,082 млн теңге болды. Биыл да осы деңгейде сақталады. Медициналық ақпараттық жүйеге қол жеткізуді ұсыну бойынша қызметтердің құны 11,07 пайызға артты.
Биылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының ставкасы 12-ден 16 пайызға дейін өсті, бұл сатып алынған тауарлар мен қызметтердің бағасына әсер етті.
Сондай-ақ 2024 жылдың қараша айынан бері аурухана медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыруға арналған қосымша шығындар көтеріліп келеді. 2025 жылы осы бап бойынша шығындар 10,97 млн теңге болды, бұл ретте жылдық қажеттілік 13,6 млн теңгеден астамға бағаланады.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына 2025 жылдан бастап қосымша міндетті аударымдардың енгізілуіне байланысты 579 қызметкерге кететін ай сайынғы шығыстар 8,3 млн, жылына 99,7 млн теңгеге жетті. Сол секілді қызметкерлердің өмірін сақтандыруға бұрын 5,4 млн теңге жұмсалса, 2025 жылдан бастап бұл шығыс 21,99 млн теңге болды.
— Медициналық ұйымның қаржылық жүктемесінің артуына осындай факторлар әсер етіп отыр. Жалпы, аурухана қалыпты жұмыс істеп тұр. Операциялық қызметтердің жұмысын және пациенттерге шұғыл хирургиялық көмек көрсетуді тоқтату қаупі жоқ. Қажетті шығын материалдары сатып алынды. Қазіргі уақытта мәселе жеткізілген өнімдер мен көрсетілген қызметтер үшін жеткізушілерге төлемдерді уақытылы төлеуге қатысты болып отыр, — деп түйіндеді сөзін Ерлан Тоқсанов.
Жуырда ауруханаға қаржылай қолдау көрсету туралы мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Нақты айтқанда, қызмет берушімен көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша көзделген сомадан асып кеткен 300 млн теңгені жергілікті бюджет есебінен төлеу ұсынылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2 100-ден астам әйелдің сүт безі обырымен есепте тұрғанын жазған едік.