Оның айтуынша, Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында «Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуы тиіс», деді. Олай болса, адамдардың әлеуметтік қорғалуы - басты ұстанымның бірі. «Нұр Отан» партиясының 2017 жылға дейінгі ұлттық іс-шаралар жоспарына «Адам. Жаңа әлеуметтік саясат» деген арнайы тарау енгізілді. Осы тараудың талаптарын орындау бағытында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының 2017 жылға дейінгі әр жылдың нақты көрсеткіштері белгіленген іс-шаралар жоспары басқармалар мен департаменттер, мемлекеттік органдармен бірлесе қабылданды. Тұғырнаманың орындалуын бақылау мақсатында партия филиалы жанынан «Азаматтарды әлеуметтік қорғау» бағыты бойынша сарапшы топ құрылып, жұмыс жасауда. Атқарылып жатқан істер баршылық болғанымен, шешімін күткен мәселелер де жеткілікті. Мәселен, партия филиалының қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері әлеуметтік жағдай бойынша 1180 өтініш түскен. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 52 адам өтінішпен келіп, олардың барлығы да қанағаттандырылды.
Партияның сайлауалды тұғырнамасына 9 нәтижелі көрсеткіш енгізілсе, соның бірі - атаулы әлеуметтік көмек. Өңірде мұндай жәрдем алушылар саны жыл сайын азайып келеді. Аз қамтылған отбасылардың жиынтық табысын көбейту мақсатында бірінші кезекте еңбекке жарамды мүшелерін жұмыспен қамту арқылы оларды кедейлер қатарынан шығару басты назарда. Айталық, биылғы 1 қазанға дейін аз қамтылғандар есебінен тұрақты жұмысқа 270, әлеуметтік орынға 82, қоғамдық жұмысқа 453, кәсіби оқуға 62, жастар тәжірибесіне 10 адам тартылған. Соның нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 11,3 пайызға төмендеген. Сол секілді 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны да 11,6 пайызға азайған.
Жалпы, өңірде 25408 мүгедек болса, бұл облыс халқының 3,8 пайызын құрайды, соның ішінде еңбекке жарамдысы - 15609. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу, жұмысқа тарту бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда.
Зейнетақы жүйесін жетілдіру, халықты тұрғын үймен қамту, соның ішінде жетім балалар мәселесі назардан тыс қалмайды. Өңірде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 985 баланың 847-сі немесе 86 пайызы тұрғын үйге мұқтаж. Олардың 809-ы немесе 95,5 пайызы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекке қойылған. 38 баланың (4,5 пайыз) 20-сының қажетті құжаттары жинақталуда. Қалған 18-інің 9-ы - Ресей азаматтары, 9-ы - асырап алынатын балалар.
Партия филиалы жанындағы сарапшы топ алдағы уақытта да азаматтарды әлеуметтік қорғалуын қатаң бақылайтын болады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Кемел Сәдбековтің сөзіне қарағанда, өңірде биылғы тоғыз айда 444 мүгедек, соның ішінде 87 бала түрлі протез-ортопедиялық құралдармен, ал 587 адам санитарлық-курорттық емдеумен қамтылды. Басқалай да жәрдемдер жасалуда. Орал қаласы бойынша «Инватакси» қызметіне барлығы 18,205 млн. теңге бөлініп, 7 автокөлік үш бағыт бойынша 7928 адамды діттеген жерлеріне жеткізді немесе 12475,9 мың теңге игерілді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша соңғы үш жылда мүмкіндігі шектеулі 46 азаматқа 77,25 млн. теңге шағын несие берілді. Биылғы тоғыз айда мүмкіндігі шектеулі 612 адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде 144-і бос жұмыс орындар жәрмеңкесі арқылы орналастырылды.
Биылғы қайырымдылық айлығында демеушілер және жергілікті бюджет есебінен ақшалай және заттай түрде 26457 адамға 88543,5 мың теңгенің көмегі көрсетілді.
2013 жылдың тоғыз айында 4112 адамға 82,1 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек төленсе, биыл 3646 адамның қолына 73,1 млн. теңге тиді. Сол секілді биыл 9348 отбасына (немесе 22576 балаға) 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы ретінде 305,7 теңге төленсе, өткен жылы осы мезгілде 10812 отбасына (25533 бала) 302,5 млн. теңге берілген болатын. Сондай-ақ облыста биыл 4659 отбасыға 80,3 млн. теңге тұрғын үй көмегі көрсетілді. Бұдан басқа жергілікті уәкілетті органдардың шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетілуде. Биыл тоғыз айда осындай 26656 адамға 400,8 млн. теңге (2013 жылғы осы кезеңде - 25268 адамға 320,6 млн. теңге) жәрдем берілді.
Отырыста ауылды қолдау және басқа өзекті мәселелер де талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.