БҚО-ның Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылындағы балабақшада 6 бүлдіршіннің скарлатина дертіне шалдыққаны белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім еткендей, осыған байланысты Тасқала ауданы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен аталған балабақша карантинге жабылды.
Қазіргі кезде ауру ошағында эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, скарлатинаға шалдыққан балалардың біреуінің жағдайы ауыр.
Үшеуінің жай-күйі орташа.
Өкінішке қарай, бір қыз бала көз жұмды.
«Қыз бала өлімінің нақты себебі паталогоанатомиялық зерттеу қорытындысынан кейін белгілі болады» деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).