БҚО: «Батыс Марқа Ламб» ЖШС ет өңдеу кешенінде сынақ жұмыстары басталды
Шарада Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиев, «Батыс Марқа Ламб» ЖШС директоры Бақытжан Кескінбаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Төлебай Меңдіоразов, «Ровани» компаниясының бас директоры Одер Ровани сөз алып, сұрақтарға жауап қайтарды.
Қазақстанда зор маңызға ие бұл кешен құрылысын (жоба құны 3 миллиардтай теңге) «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырып отыр. Итальяндық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген өндіріс өзінің жобалық қуаттылығына біртіндеп көшкен соң жылына 8000 тонна ет өндіретін болады. Оның дені Ресей, Италия, Германияға, сондай-ақ басқа елдерге экспортталады. Кәсіпорынның айтулы бір ерекшелігі - қалдықсыз жұмыс жасайтыны. Марқа сүйегі ұнтақталады, қан-жын түгелімен пайдаға асырылады, техникалық май шығарылады, т.б.
Бұл кешенмен қазірдің өзінде көптеген шаруашылықтар, оның ішінде көршілес аудандардағы ауыл шаруашылығы құрылымдары тығыз байланыс орнатуды көздеп отыр. Кешен бюджетке жыл сайын 30 млн. теңге аударады деп болжануда. Ең бастысы, зауыт толық қуатына көшкен соң, онда 300-дей адам, негізінен жергілікті тұрғындар жұмысқа орналаса алады.
Сонымен, алғашқы күнгі сынақ ойдағыдай өтті, басты конвейердің торабы бақылаудан өтті. Тестілеу бір айға созылмақ.