БҚО білім беру бюджеті 54,6 млрд. теңгені құрап отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысындағы білім беру бюджеті 54,6 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сұхбат берген БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде өңірде бес бірдей білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, республикалық бюджет есебінен үш ауысымды жою үшін Оралға қарасты Зачаган кентінің «Сарытау» шағынауданында 900 орындық, сондай-ақ Деркөл ауылында 600 орындық мектептер салынуда. Оған қоса шетелдік инвестицияға Бөрлі ауданының Аралтал ауылында 300 орындық мектеп пен Ақсай қаласында 320 орындық балабақша бой көтеріп жатса, жергілікті қазына есебінен Қазталов ауданы Қазталов ауылында 100 орындық интернат тұрғызылуда. Бұл білім ордалары биыл пайдалануға берілмек. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен тағы бірнеше мектеп құрылысын бастау көзделуде.

 

- Зәуре Базарғалиқызы, енді өткен жыл қорытындылары мен білім саласының қазіргі жай-күйіне толығырақ тоқталсаңыз?

-Иә, өткен жылы білім саласында айта қаларлықтай жұмыстар атқарылды. Ұлттық қор есебінен Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау ауылында 290 орындық балабақша, шетелдік инвестицияға Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 140 орындық балабақша, Орал қаласында оқушылар мен жастар сарайы, жергілікті қаражатқа Зеленов ауданы Озерный ауылында 48 орындық мектеп ғимараты салынды. 14 білім беру ұйымын күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 315 млн., Ұлттық қордан 1070,5 млн., жергілікті қазынадан 313,2 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына екі (527,1 млн. теңге), жергілікті бюджет есебінен бір мектеп (112,9 млн. теңге) күрделі жөндеуден өткізілді.

Облыста 474 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі көрсеткіші - 3-6 жастағы балдырғандарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту. Бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 100 пайызға жетуі қажет. Осы орайда 1-6 жастағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 63,6 пайыз (2015 жылы - 62,3 пайыз) болса, 3-6 жастағыларды қамту 99,7 пайызға (2015 жылы - 97,9 пайыз) жетті. Соңғы кезде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жеке балабақшалар қатары көбейіп келеді. Мысалы, 2015 жылы 14 жеке мектепке дейінгі ұйым болса, 2016 жылы 24-ке жетті.

Өңірде 94369 шәкірт білім алатын 384 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп бар (2015 жылы - 389, 91420 оқушы). Оған қоса 59 (2015 жылы - 57) қосымша білім мекемесімен барлық оқушылардың 61,4 пайызы қамтылған. Барлық қосымша білім берумен (қосымша білім беру орталығы, спорт мектебі, аула клубтары) жалпы оқушылардың 74,6 пайызы (2015 жылы - 73,4) қамтылып отыр.

 

Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың 85 пайызы (2015 жылы - 81,7) оқу бағдарламаларымен қамтылса, соның ішінде 61 пайызы (58) инклюзивті білім алады. 236 мектепте инклюзивті білім беру енгізілген, бұл -  жалпы мектеп санының 61,5 (59,1) пайызы.

Жеткіншек ұрпаққа кәсіби білім беру мен жұмысшы мамандықтарына оқыту да айрықша назарда. Өңірде барлығы 38 (оның 27-сі - мемлекеттік, 11-і - мемлекеттік емес колледждер) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 19,9 мың шәкірт (2015 жылы - 20,5 мың адам) білім алуда. Кадрларды даярлаудың сапасын арттыруда дуалдық оқытудың орны ерекше. Осыған орай мемлекеттік бағдарлама аясында дуалдық оқытуды енгізген колледждер үлесін арттыру көзделуде. Облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, дуалдық оқыту элементтерін пайдаланатын 22 колледж анықталды. 67 кәсіпорынмен осы бағытта келісім жасалып, 1346 шәкірт аталған жүйемен білім алуда.

- Тағы бір сауал, 2017 жылы ҰБТ тапсыруда нендей өзгерістер болмақ?

-Бұл жөнінде айтарым, оқушылар мектепте 5 пәннен қорытынды сынақ, ЖОО-ға түскісі келетін түлектер ҰБТ тапсырады. Биылғы ҰБТ форматы өзгереді.

2017 жылғы ҰБТ өткізу жобасына сәйкес ЖОО-ға қабылдау емтихандары: 1 блок - Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқыту сауаттылығы (оқыту тілі); 2 блок - таңдаған мамандық ерекшеліктеріне байланысты 2 бейінді пәннен өтеді. Тапсырмалар саны - 120 сұрақ, ең жоғары балл 140 балл болады деп болжануда. Шекті балл - 50. Бейінді пән бойынша тест тапсырмалары түлек білімінің тереңдігін тексеруге бағытталады.

Жақын мамандық бойынша қысқартылған мерзімді оқуға түскісі келетін колледж түлектеріне қабылдау емтихандары 2 блок бойынша өтеді, біріншісі - жалпы пән мамандықтары (20 тапсырма), екіншісі - бейінді мамандық бойынша (40 тапсырма). Ұсынылған 5 жауаптан бір дұрыс жауабын таңдау 1 балл, одан көп ұсынылған жауаптан бірнеше дұрыс жауапты таңдау 2 балмен бағаланады.

Талапкер оқуға ниет білдірген мамандық бойынша бейіндік пәндер таңдалады.

ҰБТ өткізу мерзімі - 20 маусым мен 1 шілде аралығы.

Екі бейіндік пәннен тест тапсыру талапкердің мамандық таңдаудағы мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар түлектерге 2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың қаңтар айында қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.