ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» 2015 жылғы 25 мамырдағы №29 Жарлығына сәйкес БҚО сотының судьясы Альфия Ювакаева, БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Ақгүл Қарасаева, Теректі аудандық сотының төрайымы Зәуреш Жұмашева зейнеткерлік жасқа жетіп, доғарысқа кетті.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осыған орай аталған судьяларды шығарып салу құрметіне жиын өткізілді. Онда Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов: «Бұл күнді әрі қуанышты, әрі қимастық сәт деуге болады. Қуаныштысы - үш бірдей әріптесіміздің зейнет жасына абыроймен жетіп, өз жүрек қалауымен құрметті доғарысқа шыққалы отырғандығы. Қимастығы - аса білікті, тәжірибелі әріптестеріміз арамыздан кетіп баратындығы» дей келіп, үш судьяның өмірдегі іскерлік, адамгершілік қасиеттеріне жеке-жеке тоқталды. Содан кейін оларға құттықтау хат пен ҚР Судьялар одағы орталық кеңесінің шешімімен судьялар қауымдастығындағы ерекше қызметі және сот төрелігін атқарудағы жемісті еңбегі үшін «Судьялар одағының құрметті мүшесі» медалі табыс етілді.
Доғарысқа шыққан судьялар көрсетілген құрмет үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).