Батыс Қазақстан облысының прокуратура органдарымен білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және педагогтердің құқықтарын қорғау бағытында тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Педагогтердің қызметі білім беру үдерісінде ғана емес, сондай-ақ өскелең ұрпақтың құқықтық санасын, жауапты мінез-құлқын және заңға деген құрметін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Ұстаздар күнін мерекелеу аясында облыс прокурорының атынан балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге елеулі үлес қосқан педагогтерге алғыс хаттар табысталды.
Бұдан бөлек, білім беру саласы қызметкерлерінің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданды.
— Жүргізілген талдаулардың нәтижелері бойынша білім беру ұйымдарының 1 143 қызметкерінің іссапар шығындарын алу, еңбек шарттарын заңнама талаптарына сәйкестендіру, сондай-ақ оқу жүктемесін бөлу кезінде тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында құқықтары қорғалды, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, зейнеткерлік жасқа толған 64 педагогтің құқықтары қалпына келтіріліп, оларға жалпы сомасы 11 млн теңгеден астам тиесілі өтемақы төленді.
Заңдылықты қамтамасыз ету, педагогтердің құқықтарын қорғау және білім беру саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.
Айта кетейік, Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді мерекесімен құттықтап, Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.