ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1,7 тоннадан астам балық алып келе жатқан жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға 27 наурыз күні Самара-Шымкент күре жолы бойында болды.
Шамамен сағат 15.20-да Теректі ауданы Барбастау ауылы тұсында 1968 жылғы Б. деген азамат айдап келе жатқан «ГАЗель» автокөлігі тоқтатылды.
Көлікті қараған кезде 35 қапқа салынған 1779 кг қара балық табылды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 196-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 1,2 тонна балық алып келе жатқан жүргізуші ұсталғанын, Оралда велосипед жымқырып, дәніккен ұрының қолға түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).