БҚО-да 1-сыныпқа 12 мыңға жуық оқушы қабылданбақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2017-2018 оқу жылында 1-сыныпқа 11 800-ден астам оқушы қабылданбақ. Бұл туралы Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында бүгін облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, өңірде 381 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте 94 мыңнан астам оқушы білім алмақ.

Оқушылар контингентінің азайып, талапқа сай келмеуіне байланысты үш бастауыш мектеп (Қазталов ауданында Хайруш, Саралжын, Теректіде Қандық мектептері) жабылды. Оқушы санына байланысты 1 негізгі мектеп орта (Ақжайық ауданы М.Өтемісов атындағы мектеп), 1 орта мектеп негізгі (Теректі ауданы Талпын мектебі) болып қайта құрылды.

Оқулықтарды сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 2 334,9 млн. теңге бөлінді. Облыста жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты 2, 5, 7-сыныптардың барлық оқулықтары, мектепалды даярлық, арнаулы мектеп оқулықтарына, ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы оқулықтарға және қорды толықтыру мақсатында 1244 мыңнан астам оқулық пен оқу-әдістемелік кешенге тапсырыс берілді. Баспалармен келісімшарт жасалып, 30 тамызға дейін оқулықтарды тасымалдау жұмысы жүргізілуде. Қазіргі таңда  оқулықтардың 20 пайызы аудандар мен қалаға жеткізілді.

Жергілікті бюджет есебінен 12 білім нысанын күрделі жөндеуге 1 241,0 млн. теңге қаралса, күні бүгін соның бесеуінде жұмыс мәреге жетті. Сондай-ақ облыста 9 білім нысаны салынып жатса, соның ішінде Ұлттық қор қаржысына Орал қаласының Деркөл кентінде әрқайсысы 600 орындық екі мектеп, Зачагандағы «Сарытау» шағынауданында 900 орындық мектеп және шаһардың өзінде апатты жағдайдағы №4 орта мектептің жаңа ғимараты бой көтеруде. Бұлардың ішінде Деркөлдегі екінші мектептен басқасы биыл іске қосылмақ. Оған қоса республикалық бюджет есебінен Зеленов ауданы Дариян ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп 2018 жылы салынып бітпек. Жергілікті бюджет есебінен Қазталов ауылында 100 орындық мектеп жанындағы интернат пен Бөрлі ауданының Кеңтүбегінде 50 орындық балабақша 2017 жылы пайдалануға берілмек. Шетел инвестициясы есебінен Бөрлі ауданының Аралтал ауылында 300 орындық (аяқталу мерзімі - 2017 жылғы қараша) және Ақжайықтың Шабдаржап ауылында 198 орындық (2018 жылы бітпек) мектеп салынуда.

Жазғы кезеңде барлығы 20 демалыс лагерімен 6 824 оқушы қамтылды. 350 мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылған лагерьде 33 238, ондай тамағы жоқ 228 алаңда 23 363, 25 шатырлы лагерьде 3 869 бала тынықты.

«Өткен оқу жылында білім беру мекемелерінде 21 850 педагог жұмыс жасады. Жалпы білім беретін мектептерде 11971 мұғалім қызмет етті. Қазіргі таңда 105 маман, әсіресе, ұлттық мектептегі орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Бұл мәселені жас мамандарды қабылдау, зейнеткерлерді тарту және жүктемелерді көбейту есебінен шешу көзделуде», деді Зәуре Базарғалиқызы.