Бұл туралы бүгін теннис орталығындағы тұрғындармен есептік кездесуінде облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, жоспарлы жөндеуге байланысты Қарашығанақ кенішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 пайызға қысқарғанымен, өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 2,5, еңбек өнімділігі 37,5 пайызға артты.
Еңбек өнімділігінің көбеюіне жоғары технологияға негізделген кәсіпорындардағы өнім көлемінің ұлғаюы ықпал етті. Мысалы, «Конденсат» АҚ 11 млрд. астам теңгеге 160 мыңнан астам тонна, соның ішінде К-5 еуро талаптарына сай келетін 20 мың тонна бензин шығарды. «Квант» жиһаз фабрикасы 2,5 млрд. теңгеге өнім өндіріп, 585 млн. астам теңге салық төледі. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-да 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 2,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 300 млн. теңге салық аударылды. Өнімнің 80 пайызы экспортқа бағытталды. Осындай мысалдарды басқа кәсіпорындар бойынша да келтіруге болады.
Индустрияландыру картасы аясында 2016 жылы 10 жаңа жоба іске қосылып, 520-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Барлығы 335 млрд. теңгеге 47 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың барлығы Елбасының тұрақты назарында.
Өңір басшысы әр салада атқарылған жұмыстармен қатар Елбасы тапсырмасына сәйкес алда тұрған міндеттерге тоқталды.