БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасымен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, барлығы стационарда 117 адам болса, соның жетеуі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде.
Сондай-ақ провизорлық стационарда 51, карантиндік бөлімшеде 59 адам бақылануда.
Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы мәлім еткеніндей, 11 сәуір күні коронавирус табылған азамат Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істейтін БҚО-ның 37 жастағы тұрғыны болып шықты.
Саратов облысымен шекарадағы «Тасқала» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекеттен өткен кезде аталған тұрғыннан жөтелу және тұмаурату белгілері анықталған. Ол сол бойда провизорлық стационарға жеткізіліп, коронавирус табылғаннан кейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды.
Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы бақылауға алынды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын карантинге тап болған қостанайлық азаматтың батысқазақстандық дәрігерлерге алғыс білдіргенін жазған болатынбыз.