ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында автокөлікті айдап кетушілер азаяр емес, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 20 қыркүйек күні Орал қаласындағы Достық даңғылының бойында белгісіз біреу 1988 жылғы азаматқа тиесілі «Фольксваген Пассат» ныспылы автокөлігін айдап кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында бұрын да осындай қылмыстарымен ішкі істер органдарының есебінде болған 1994 жылғы А. деген тұрғын ұсталды. Сол секілді 23 қыркүйек күні Шыңғырлау ауылында тағы біреу мейрамхана алдында тұрған, 1959 жылғы азаматқа тиесілі «Лада-Ларгус» көлігін «мініп» кеткен. Бұл іске қатысы бар Орал қаласының 1993 жылғы тұрғыны қолға түсті.
Ұрланған көліктер табылып, иелеріне қайтарылды. Күдіктілерден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, биылғы сегіз айда облыс көлемінде 100 автокөлік ұрлығы тіркелген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).