ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 100 бастан астам мал өртте жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 24 тамыз күні сағат 03.12-де Жаңақала ауданы Пятимар ауылдық округі Құспан қыстағында орын алды.
Шаруашылық құрылысы (210 шаршы метр) мен пішен қорасы (2450 шаршы метр) өртеніп, 162 тонна шөп (650 орама), сондай-ақ 100 бас уақ мал және 8 бас ірі қара жанып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, қасақана от қойылған.
Өрт екі қызметкер, 1 техниканың күшімен сағат 09.00-де сөндірілген.
Тағы бір өрт сағат 23.16-да Бәйтерек ауданы Достық ауылдық округінде «При Чагане» мен «Барс и К» ЖШС аумақтарында болды. Мұнда 200 тонна (800 орама) шөп отқа оранған.
Өрттің бүгін сағат 07.20-да беті қайтып, 08.51-де ауыздықталған.
Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнына жеке құрамнан 6 адам, 2 техника, аудандық полиция бөлімінен 2 қызметкер, 1 техника барған.
Қазіргі кезде аталған оқиғалардың жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).