ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Шыңғырлау ауданы прокуратурасы шаруа қожалықтарының 90-нан астам жер телімдерін мақсатсыз пайдаланғанын анықтады.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, шаруа қожалығы 4 жылдан астам уақыт бойы ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге берілген жер телімін игермеген.
«Заңнаманы бұзу деректері және оларды жою бойынша шаралар қабылдау мақсатында прокуратура аудан әкімдігіне тиісті ұсыну енгізді. Қадағалау актісіне сәйкес 13,9 млн теңгеге бағаланған жалпы ауданы 1 388 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы 4 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Сол сияқты Жаңақала ауданы прокуратурасының қадағалау актісіне сәйкес кадастрлық құны 22 млн теңгеден асатын жалпы ауданы 8 мың га 5 жер телімі де мақсаты бойынша пайдаланылмаған. Ол да мемлекет иелігіне өткізілді. Қазіргі уақытта пайдаланылмаған немесе мақсатсыз пайдаланып жатқан жер телімдерін қайтару жұмысы жалғасуда», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қатерлі ісікпен ауыратын тұрғындардың құқығы бұзылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).