БҚО-да 100 шақырымдық аламан бәйгеде маңғыстаулық шабандоздың бағы жанды
ОРАЛ. KAZINFORM – Ақын, ойшыл-философ, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған іс-шаралар туған жері – Жәнібек ауданында мәресіне жетті.
Алдымен «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» деген тақырыпта облыстық ақындар айтысында он ақын Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығын, қазақ тарихындағы орнын жырға қосты.
Дала қызықтары ұлы аламанмен түйінделді. Талов ауылдық округіне қарасты Бірлік елді мекеніндегі Ғұмар кесенесінен басталып, аудан орталығы Жәнібек ауданына дейін созылған 100 шақырымдық бәйгеге барлығы 51 ат қосылды. Соның 10-ы ғана көмбеден көрінді.
Бәйге қорытындысында маңғыстаулық шабандоз Нұрсұлтан Құмаров тізгіндеген «Мұздай» тұлпары мәре сызығын бірінші болып қиды. Сөйтіп ол бас жүлде – автокөлікті жеңіп алды.
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының намысын қорғаған Нұрмұханбет Ғиният «Ерке торы» сәйгүлігімен екінші орынға (квадрацикл) ие болды.
Ақтау қаласы Жетібай ауылынан келген Аман есімді шабандоз «Қос тұранымен» үздік үштікке ілігіп, оған мотоцикл бұйырды. Сондай-ақ төртінші және бесінші орын алғандарға 100 мың теңгеден қаржылай сыйлық табыс етілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына орай жаңа кітаптың тұсауы кесілгенін жазған едік.