БҚО-да 126,7 млн теңге заңсыз несие алған серіктестік басшысы сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында алаяқтық, өкілеттіктерін теріс пайдалану және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру деректері бойынша бұрынғы несиелік серіктестік басшысына қатысты сот үкімі шықты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ведомство жүргізген тергеу барысында аталған сотталушының қызмет бабын пайдаланып, «Агробизнес» несиелеу бағдарламасы аясында өз бақылауындағы шаруа қожалығына 126,7 млн теңге көлемінде заңсыз жеңілдетілген несие рәсімдегені анықталды.

Кейіннен несие қаражаты ірі қара малды сатып алудың орнына шаруа қожалығының есепшотынан қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына шын мәнінде жоқ мал туралы жалған мәліметтер енгізген. Сөйтіп асыл тұқымды сиырларды сатып алу және өсіруге арналған «2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобасы аясында бөлінген 24 млн теңге субсидияны заңсыз алған.

Сотталушы заңсыз алынған несие қаражатына монша кешеніне қоса жер телімін сатып алып, онда сауда үйін салған. Сондай-ақ мүліктің нақты иесін жасыру мақсатында жылжымайтын мүлікті туысының атына рәсімдеген.

- Сот үкімімен несиелік серіктестік басшысы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған және салынған құны 186,4 млн теңге болатын мүлкі – монша кешені және жер телімімен бірге сауда үйі тәркіленді. Оған қоса коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да заңсыз микроқаржылық ұйым 4 жыл бойы жасырын жұмыс істегенін жазған едік.