ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 13 жастағы қызға күрделі ота жасалды.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, анасының сөзіне қарағанда, қызы 11 маусымнан бастап асқазанындағы ауырсынуға шағымданған.
Педиатрға қаралған кезде жоғары эндоскопиялық зерттеу жүргізіліп, соның нәтижесінде асқазанда бөгде зат бар екені анықталған. Осыған байланысты қыз облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жіберілген.
- Ота сәтті өтті. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы тұрақты. Ем-шара толығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында атқарылды, - деді ота жасаған хирург Әліби Төлегенов.
Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін балалардың психологиялық денсаулығына ерекше назар аудару қажеттігін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 19,2 мың бала диспансерлік есепте тұрғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).