БҚО-да 132 млн теңге тарифтерді төмендету тетігі арқылы тұтынушыларға қайтарылады
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 37 табиғи монополия кәсіпорнының жұмысы 47 қызмет түрі бойынша реттеледі.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Гүлжаз Қазбекованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, олардың қатарында электрмен, жылумен, сумен жабдықтау, су бұру, газ тасымалдау және кірме жол қызметтері салаларында жұмыс істейтін ұйымдар бар.
Гүлжаз Жәнібекқызының сөзіне қарағанда, сонымен қатар департамент қоғамдық маңызы бар нарықтың екі субъектісінің баға белгілеу тәртібінің сақталуын бақылауда ұстайды.
Сегіз кәсіпорын бес жылдық ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді және жалпы сомасы 20,6 млрд теңгеден астам инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл қаражат коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңартуға бағытталған. Қалған 29 кәсіпорын қуаты аз субъектілер санатына енген.
Департамент басшысының айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша департамент 2024 жылға арналған тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы 69 есепті қарады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәсіпорындар бекітілген іс-шараларды толық орындауға және тарифте көзделген қаражатты мақсатты түрде пайдалануға міндетті.
– Талдау нәтижесінде 15 субъектінің қызметінде бұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты ҚР Ұлттық банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, жалпы сомасы 132,23 млн теңгеге уақытша өтемдік тарифтер енгізілді. Бұл қаражат тарифтерді төмендету тетігі арқылы тұтынушыларға қайтарылады. Бұзушылықтар жылумен, сумен жабдықтау, су бұру және кірме жол қызметтері салаларында тіркелді, - деді Г.Қазбекова.
Департамент мәліметі бойынша жыл басынан бері түскен 30 өтінімнің 23-і бекітілді. Жетеуі өтініш берушілердің өздері тарапынан кері қайтарылды. Сондай-ақ инвестициялық бағдарламаларды бекіту және түзету бойынша 22 өтінім қаралып, 18-і бекітілді, біреуі бойынша бас тартылды, үшеуі кері қайтарылды.
Жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеу мәселесіне ерекше назар аударылады. 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан жылу жеткізбеу фактісі анықталды. Жылу есептегіш құралдары жоқ тұтынушыларға қайтарылатын қаражаттың жалпы сомасы – 3 млн 403 мың 037,22 теңге. Қайтарым есептеулерді түзету арқылы жүргізіледі.
– 2025 жылы сотта қаралған үш істің екеуі бойынша шешімдер департаменттің пайдасына шығарылды. Тарифтік заңнаманы және инвестициялық міндеттемелерді бұзғаны үшін облыс кәсіпорындарына жалпы сомасы 19 млн теңге айыппұл салынды, - деп қосты Г. Қазбекова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жер беруде заңнаманы бұзған әкімдік қызметкерлеріне айыппұл салынғанын жазған едік.
Сондай-ақ сот ұйғарымын орындамаған БҚО білім басқармасының басшысы айыппұл төледі.