ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Қаратөбе ауданы прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ететін 132 км газ тасымалдау желілерінің иесіз екені анықталды.
БҚО прокуратурасынан мәлім еткеніндей, пайдалану ережелері мен сақтық шараларын мұқият сақтауды талап ететін иесіз мүлікке уақтылы қызмет көрсету шараларын қолданбау газдың үздіксіз жеткізілуіне әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіп төндіреді.
«Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар прокурорлардың шаралары бойынша газ құбырын сот арқылы мемлекет меншігіне алды. Газ құбырын мемлекет меншігіне алу алдағы уақытта газбен қауіпсіз қамтамасыз ету және газ құбырлары мен басқа да газ тарату желілерінің зақымдануын болдырмау бойынша тиісті шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 9 баланың терезеден құлап кеткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).