ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 148 адам медициналық бақылауға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, соның ішінде 1 «а» санатына кіретін елдерден келген 24 адам карантинге жатқызылған.
Қалған 124-і үйден бақылануда.
22 наурыз күні Мәскеу – Ақтөбе рейсімен ұшып келген ақтөбелік әйелден коронавирус анықталғаны мәлім. Осы рейспен батысқазақстандық төрт тұрғын да келген. Бұлардан коронавирусқа алынған тест теріс нәтиже көрсеткенімен, олар да карантинде жатыр.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан ішкі әуе рейстерімен және темір жолмен келген барлық жолаушылар да бақылауға алынған. Сондай-ақ Ресей Федерациясымен шекаралас бес автобекетте санитарлық қадағалау күшейтілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көршілес өңірлермен шекарада санитарлық бекеттер жұмыс істеп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).