БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде сауда үстемесінің мөлшерін сақтау қажет.
Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес 147 кәсіпкерлік нысаны жауапқа тартылды. Оларға 2 млн 249 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
— Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың 95-і — шағын бизнес нысандары (үй жанындағы дүкендер), 46-сы — көтерме сауда компаниялары, алтауы — сауда желілері. Аталған субъектілер көкөніс (картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз), С1 санатындағы жұмыртқа, қарақұмық жармасы, қант, тұз және басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде сауда үстемесін асыру фактілеріне жол берген, — дейді Эльмира Қиматова.
Оның айтуынша, сауда объектілерінің тауар бағасын тенгемен көрсетпей сатуы және витринада көрсетілген тауар бағасының кассада соғылған бағаға сәйкес келмеуі фактілері бойынша аталған кодекстің 193-бабына сәйкес іс қозғалады. Осы бапқа сәйкес 16 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 730 мың 925 теңге сомасында айыппұл салынды.
Еске салайық, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұтынушыларға 35,5 млн теңге кері қайтарылғанын жазғанбыз.