БҚО-да 162 өрт оқиғасының 70-інде қора-қопсылар жанған

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қора-қопсының өртенуі жиілеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Нұралы Мусиевтің айтуынша, 11 мамыр күні сағат 02.00-де Ақжайық ауданы Чапаев ауылында шаруашылық құрылысы өртенді.

50 шаршы метр аумақты шарпыған «тілсіз жау» өрт сөндірушілердің (4 адам) күшімен сағат 03.48-де ауыздықталды.

Қазіргі кезде келтірілген шығын, өрттің шығу себебі анықталу үстінде.

Облыс аумағында жыл басынан бері 162 өрт тіркелсе, соның 70-і осы шаруашылық құрылыстарының үлесіне тиеді.

«Өрттің, соның ішінде қора-қопсының жалынға шарпылуының көбеюі негізінен адамдардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауына байланысты. Сонымен қатар қасақана от қойылуы да ықтимал. Мұның нақты себептерін полиция қызметкерлері анықтайды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Мусиев.