БҚО-да 16320 адам жұмысқа орналасты

None
ОРАЛ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы он бір айда 16320 адам, соның ішінде 11490-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасты.

Облыс әкімдігінен хабарлағанындай, шағын бизнестен 4830 адам орын тапты.

Жыл басынан бері 11342 жұмыс орны, соның ішінде ауыл, орман және балық шаруашылығында - 1541, өнеркәсіпте - 787, құрылыста - 984, көлік пен қоймалауда - 463, көтерме және бөлшек саудада - 1358, білім беруде - 509, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметте - 473, экономиканың басқа саласында 2119 жұмыс орны ашылды. 3108 адам уақытша және маусымдық жұмыстарға тартылды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдау бағытында жастар тәжірибесіне 1093 адам жіберілді. Жұмыссыздар есебінен өндірісте кадрларды тұрақтандыру мақсатында 2382 әлеуметтік жұмыс орны ашылды. Қоғамдық ақылы жұмыстарға 7510 адам жіберілді. Кедей отбасылар саны 2010 жылғы 1 желтоқсандағыдан 253-ке азайып, 1563-ке дейін кеміді.

Қазіргі кезде жұмыспен қамту органдарында 2743 жұмыссыз есепте тұр.