Зеленов аудандық №2 соты бүгін Асхат Темірбаевты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 28 шілде күні шамамен сағат 10.00-де Зеленов ауданы Дариян ауылында бұталардың арасынан зорлықпен өлтірілген қыздың денесі табылған.
Осы қылмысқа күдікті ретінде 1998 жылы туған А.Темірбаев ұсталып, Орал қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалған болатын.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес (кісі өлтіру) тергеу амалдары жүргізілуде.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Дана Өтеғалиева биыл мектепті жақсы бітіріп, ресейлік университетке оқуға түскен. Сонымен қатар, ол каратэ, самбомен айналысқан. Биыл көктемде Дана әскерден келген Асхат Темірбаевпен танысып, кездесіп жүрген. Әйтсе де, көп ұзамай байланысын үзген. Осыған орай, кек сақтаған күдікті 28 шілдеге қараған түні қызды үйінен шақырып алып, өлтіріп кеткен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жасар қызды өлтірген күдіктінің ұсталғанын жазған болатынбыз.