ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 19 жастағы жігіт суға кетіп, қыз бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 1 маусым күні болды.
Бәйтерек ауданында жасанды су қоймасына жабдықталмаған жерден түскен 2000 жылғы жігіт сағат 17.30-да батып кеткен. Марқұмның денесін 4 құтқарушы 1 техниканың көмегімен сағат 19.10-да судан шығарды.
Екінші оқиға Оралда қалалық мәдениет және демалыс саябағында болды. Екі құтқарушы бір жүзу құралымен Шаған өзенінде сағат 20.18-де терең суға батып бара жатқан 2009 жылғы қызды алып шықты. Оған алғашқы жәрдем көрсетілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бозбаланың суға кеткенін, батып бара жатқан 5 жасар қыз баланың құтқарылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).