ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қос жеңіл автокөлік соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 25 тамыз күні Орал-Ақтөбе жолы бойында Теректі ауданы Жаңаөмір ауылы тұсында болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 11.20-да шақырылды.
Жол апаты салдарынан екі адам зардап шекті. 1938 жылғы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. 2007 жылғы бала жарақат алмаған, оның тізесі көгерген. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық бақылауға жіберілді.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).