БҚО-да 2 мыңнан аса тұрғын үйдің тең жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді

Фото: Валерий Бугаев

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында қазіргі кезде 29 136 адам тұрғын үй кезегінде тұр.

БҚО энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейімбет Мусиннің мәлім еткеніндей, биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша кезекте тұрған 625 адам пәтермен қамтамасыз етілді. 

Оның сөзіне қарағанда, тұрғындарға 2025 жылы тұрғын үй сертификатын беруге 240 млн теңге қарастырылған. Күні бүгінге дейін 163 млн теңгеге 145 сертификат берілді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына жеке тұрғын үйден жалға алынған үйлер үшін 50 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда тұрғындар мен «Отбасы банк» АҚ арасында 13,5 млн теңгеге келісім жасалды.

Оған қоса «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында 2025 жылы 8 үй (Бөрлі ауданында — 4, Казталовта — 4) сатып алынып, қаладан ауылға көшкен тұрғындар қоныстанды.

— Облыста барлығы 2 416 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 52,7 пайызы жөндеуді қажет етеді. Құжаттары дайын 12 жоба жергілікті бюджеттен қаржыландырылмақшы. Сол секілді жергілікті қазынадан 16 лифтіні ауыстыруға 323 млн теңге қаралды. Нәтижесінде Оралда 11, Ақсай қаласында 5 лифт жаңартылып жатыр, — деді Б.Мусин.

Оның сөзіне қарағанда, 2024 жылы 879 млн теңгеге 26 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде 19 үйдің шатыры күрделі жөндеуден өткізілді. 4 үй күрделі жөнделсе, лифтілерді ауыстыру бойынша 3 жоба мәресіне жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қандай жылу нысандары жаңартылып жатқанын жазған едік.