БҚО-да 20,9 млрд теңгеге 286 км жол жөнделмекші

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 20,9 млрд теңгеге 286 км жол жөндеу жоспарлануда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Миржан Сатқановтың айтуынша, соның ішінде 13,6 млрд теңге республикалық маңызы бар 223,7 км жолды жөндеуге қарастырылған. Осы қаржыға Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолының 31-104 км аралығын қайта салу көзделуде. Тағы бір маңызды бағыт - Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы жолын (157-192 км) күрделі жөндеу жалғасады. Самара-Шымкент автожолы бойында Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекеті де күрделі жөнделеді. Ал Орал-Атырау (206-311 км), Самара-Шымкент (330-408 км) бағытындағы жолдар орташа жөндеуден өтеді.

Өңірде соңғы кезде облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды ретке келтіруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатқа 3,2 млрд теңге қаралып, 20,5 км жол жөнделмекші. Атап айтқанда, Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолының 38-53 км және 53-68 км аралықтары қайта жаңғыртылады. Бұдан бөлек Үлкен Шаған-Переметный-Вечный жолының 0-10 км, 10-20 км және 20-32 км аралықтары күрделі жөнделеді. Сонымен қатар бірнеше бағыт бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалады.

Оған қоса 2,6 млрд теңге қаражатқа 28,3 км аудандық маңызы бар және ауылдардағы көше жолдарын жөндеу ойластырылуда.

Облыс орталығында да жол жөндеу күн тәртібінен түспек емес. Биыл Оралда 1,5 млрд теңгеге (239,5 млн теңге - жергілікті бюджет, 1285,6 млн теңге - «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен) 13,4 км жол жөнделмекші.

«Жыл ішінде бұл көрсеткіштер әлі де нақтыланады», деді М.Сатқанов.

Айта кетейік, 2017 жылы 33,3 млрд теңгеге 419 км жол жөнделген болатын. Соның ішінде 14,1 млрд теңге республикалық маңызы бар жолдарға (170,2 км), 6,2 млрд теңге облыстық және аудандық жолдарға (128,5 км) жұмсалды. Республикалық және жергілікті жолдарды ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға сәйкесінше 950 млн және 432 млн теңге қаралды. 8,7 млрд теңге Орал қаласының автожолдарына (61 көше, 65,3 км) бағытталды. Оралдың автожолдарын ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға 400 млн теңге кетті. Сондай-ақ аудандық маңызы бар және аудандардағы елді мекендер көшелерін жөндеуге 4,3 млрд теңге (54 көше, 54,8 км), күтіп ұстауға 724,82 млн теңге берілді.